oC

Отбасының жүрегі, алтын діңгегі – ана. Біздің қазақ әлімсақтан ұрпақты адам етіп тәрбиелейтін, ел мен елді ұйыстыратын  ұйытқыны – ана деп қастерлеген. Осы орайда «Отбасы мектеп» штабының жоспарына сай Қызылорда облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі, «AMANAT» партиясы жанындағы Әйелдер Қанаты және Қызылорда қаласының “Отбасын қолдау орталығымен” бірлескен «Қоғамдағы әйел мәртебесі» тақырыбында ашық алаң ұйымдастырылды. Ашық алаңға әлеуметтік аз қамтылған, көп балалы, мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған аналар қатысып, арнайы сала мамандарынан әлеуметтік, құқықтық, заң, психологиялық кеңестер алды.

Ашық алаң барысында  «Әділдік жолы» РҚБ-нің Қызылорда облыстық филиал төрағасы, облыстық ҚХА жанындағы Медиаторлар Кеңесінің төрағасы, Халықаралық дәрежедегі тренер-медиатор Ләззат Бақтыбаева - «Отбасындағы түрлі мәселелер – мемлекет назарында», «Қазақстандағы орыс қауымдастығы» ҚБ Қызылорда облыстық филалының төрағасы Наталья Мишукова - «Әйел азаматтарының қоғамдағы рөлі», Даналық мектебінің жетекшісі Тамаша Әбілқасымова - «Қазақ әйелдерінің ұстанымы – ұлт ұстанымы, қазақ әйелдерінің бейнесі – ұлт бейнесі», қалалық әйелдер кеңесінің төрағасы Назиға Кенжеғараева - «Дәстүрлі мәдениеттің бесігінде тербелген – қазақ әйелі» және ұстаз Жанар Жаңабергенова - «Ұлы даланың қыздары – құндылықтардың сенімді сақтаушылары» тақырыптарында ой қозғап, сөз сөйледі.

                Ел басына күн туғанда білігі асса билікке, өнері асса бәйгеге шапқан қазақ әйелінің болмысы тарихымыздан белгілі. Соның арқасында біздің ел үлгілі ұлт болды. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен аналар елдік пен имандылықты перзентінің бойына сіңіре білді. Мектеп оқушылары  «Қазақтың қайсар қыздары» тақырыбындағы қойылыммен көркемдеп, қазақ халқында әйел адамға өмірдің әні мен сәні, үйдің жылуы, ер адамдардың ақылшысы, баланың тәрбиешісі екенін тағы бір мәрте айқындады.