Міне, тағы бір оқу жылы аяқталып, мектебін бітіріп, қияға қанат қағатын жас түлектер үшін, ең қымбат,ең қимас, ең бір ұмытылмас жүрек тебірентер сәт, соңғы рет қоңырау үні сыңғырлады. Бұл – балалық балдәуреннің бір белесі.
Абылай хан атындағы 140 қазақ орта мектебінде соңғы қоңырау салтанатты жиыны өткізіліп, арнайы қонақтарымыз қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Әнуар Айдын Серікұлы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің өкілі, тарих ғылымдарының докторы Алмаш Әбдразаққызы қатысып түлектерге құттықтау сөздерін арнады. Салтанатты жиынды мектеп директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Мұсабаева Айгүл Нажмадинқызы ашып, жыл қорытындысымен түрлі бағыт бойынша үздік атанған мектеп ұстаздарын, үздік оқырман сыныптарды марапаттады.
Балалықтың бал шағын артқа тастап, үлкен өмірдің табалдырығын аттағалы тұрған мектеп түлектері соңғы қоңырау ұрып, мектеп вальсін сән-салтанатымен билеп, білім кілтін 10 сыныптың оқу үздіктеріне табыстады. Өнері мен білімін өз бойларына өре білген еліміздің ертеңгі тізгінін қолға алар оқушылар білім алған мектебімнің абыройын жоғары ұстауға, елдің жарқын болашағы жолында Сыр өңірінің әлеуетін көтеруге ант етті.
Құрметті жас түлектер армандаған білім ордаларыңызға оқуға түсіп, алға қойған мақсаттарыңыз орындалсын. Болашаққа қадам басқан жаңа өмірлеріңізге сәттілік тілейміз!
{gallery}1000-7/2{/gallery}



