oC

06.01.2024 жылы педагог-дефектологтың мектеп мұғалімдерімен жүргізетін каникулдық жұмыс жоспарына сәйкес «Әр бала жарық жұлдыз, жарқырауына жәрдем ет!» тақырыбында мектептің әкімшілік мүшелері мен мұғалімдеріне арналған дөңгелек үстел өткізілді. Шараға барлығы 25 мұғалім қатысты.

Дөңгелек үстел мақсаты: Мектеп партасындағы ерекше білім беруді қажет ететін білім алушыларға және мүмкіндігі шектеулі үйден оқытылатын оқушыға сабақ беретін пән мұғалімдері өзара тәжірибе алмасу. Ерекше баламен нәтижелі жұмыс жасауда қолданып жүрген тиімді әдіс-тәсілдерімен бөлісу. Құжаттарды талдау, бейімделген және жеке оқу бағдарламаларын құрастыру және жүзеге асыру алгоритмімен таныстыру;

Дөңгелек үстел міндеттері:

- Жеке оқу бағдарламаларына сипаттама беру;

-Жеке оқу бағдарламаларын құрастыру және жүзеге асыру алгоритмін көрсету

- Ерекше баланы жан-жақты дамытуда қолданылатын әдіс-тәсілдерді көрсету.

Дөңгелек үстел жұмысы «Сиқырлы көзілдірік» ойыны арқылы басталды. Ойын шартына сәйкес мектеп мұғалімдері «сиқырлы көзілдірікті» кию арқылы бір-бірінің көзге көрінбейтін, көпшілік байқай бермейтін жақсы қасиеттерін айтуы тиіс. Мұғалімдер арасында жағымды атмосфералық ахуал орнаған соң, қатысушыларға дөңгелек үстелдің жұмысының мақсат міндеттері мен жоспары таныстырылды.

Семинардың теориялық бөлімінде жалпы білім беретін мектептерде жеке оқу жоспарын құрастыруға негіз болатын ҚР ОАМ бұйрықтары таныстырылды. Олар:

- «Ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 12 қаңтардағы № 4 бұйрығы;

- «Мектепке дейінгі, орта техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру, қосымша білім беру ұйымдарында психологиялық-педагогикалық қолдап отыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 12 қаңтардағы №6 бұйрығы.

Бұйрықтарға сілтеме жасай отырып, жалпы білім бағдарламасын бейімдеу тәсілдерін және арнайы оқу бағдарламасы арқылы жеке оқу бағдарламасын жасау жолдары көрсетіліп, анықтама берілді.

Дөңгелек үстел барысында әр мұғалім ерекше баламен жұмысындағы қиындықтарымен және нәтижеге қол жеткізу үшін қолданған өзіне тиімді әдіс-тәсілдерімен бөлісіп, жақсы пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісті.

Мұғалімдерге педагог-дефектолог тарапынан ерекше баланың оқу және жазу дағдыларын, математикалық дағдысын қалыптастыруда, сонымен қатар цифрлық сауаттылығын арттыруда түрлі тиімді әдіс-тәсілдер ұсынылды.

Іс-шара соңында сергіту сәті өткізіліп, кері байланыс жасалып, қатысушылар жағымды көңіл-күйде тарқасты.